Қаршыға Ахмедьяров

 

Қаршыға Ахмедьяров (25.03.1946 - 06.06.2010) - күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі.


Қаршыға Ахмедьяров 1946 жылы 25 наурызда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1967-1991 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен концертмейстер, жеке домбырашы және дирижер қызметтерін атқарды. Ахмедьяровтың репертуарында отандық композиторлардың күйлері, сондай-ақ шетел композиторларының шығармалары бар. 1974 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогтық қызметпен шұғылданып, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Қаршыға Ахмедьяров гастрольдік сапармен АҚШ, Франция, Италия, Үндістан, Венгрия т.б. көптеген елдерде болды.


«Шашақты найза, шалқар күй» атты кітабы, «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Нұрғиса», «Қыз-ғұмыр», «Аққайың», «Желдірме», «Алтын ұя», т.б. күйлері бар. Сонымен қатар, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сында атақты күйшілердің күйлерін жинап, "Атырау" деген күйлер жинағын жарыққа шығарды. «Сарыарқа», «Жігер», «Әсем қоңыр», «Шынар», «Табыну» атты күйлер жинағы жарық көрді. 500-ден аса күйлері радио, теледидар мұрағаттарында сақтаулы.


Талантты музыкант гастрольді сапармен дүние жүзінің көптеген елдерінде болып, қазақтың қара домбырасының әсем сазын танытты. Қазақ музыка өнерін дамытудағы жоғары шығармашылық жетістіктері үшін Қ.Ахмедьяровқа 1982 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы, 1992 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі атақтары берілді. 2000 жылы «Парасат» ордені мен марапатталды.


Өнерсүйер қауым оны «Күй қаршығасы», «Саңлық күйші», «Күй аспанының Қаршығасы», «Ғасырдың күйшісі» деп мадақтайтын. 1981 жылы АҚШ-қа барып күй тартқанда, американдықтар қазақтың Қаршығасын сахнадан жібермей тұрып алғаны да есте. Қаршыға Ахмедияровпен қоштасу Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрында өтті.

 

Дереккөздер:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 1-том. 572 бет.

Б.Кожиров "Қазақ елінің атақты музыка өнерпаздары" 2010 ж; Атырау: энциклопедия.-Алматы: Атамұра, 2000.-159 б.

Ахмедияров Қ. Күй – ғұмыр...- Алматы: “Нұрлы Әлем Шыңы”, 2011.-408 б.+ 32 б. жапсырма.

Күй – Қаршыға.- Ақтөбе: “А – Полиграфия”, 2004.- 110 бет

https://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%B0%D1%80%D1%88%D1%8B%D2%93%D0%B0_%D0%90%D1%85%D0%BC%D0%B5%D0%B4%D1%8C%D1%8F%D1%80%D0%BE%D0%B2

http://juldyz.kz/2017/02/17/qarshygha-ahmediyarov-1946-2010/

https://egemen.kz/article/3508-qarshygha-akhmediyarov

https://www.inform.kz/kz/kazak-onerinin-sanlaktary-karshyga-ahmediyaruly_a2699989

https://www.inform.kz/kz/kazaktyn-kuy-oneri-duldulderinin-biri-karshyga-ahmediyarov-65-zhaska-karagan-shagynda-dunieden-ozdy_a2275795