Мәдениет саласы адамдардың өскелең талабын қанағаттандыруға, рухани байлығын, жалпы қабілетін дамытуға, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыруға тиісті болса, бұл міндеттерді іске асыруда кітапханалардың алатын орны ерекше. Жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін аялай білу, тәрбиелеу кітаптың еншісінде. «Мен кітапхананы ақыл –білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» - деп жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев айтқандай, кітапхана – рухани орда.

 

«Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің құрылу тарихына көз жіберсек, ол сонау 1944 жылдардан бастау алады.

 

Облыстық мемлекеттік мұрағат құжаттарындағы мәліметтерде:

1944 жылы алғашқы қалалық кітапхана болып төрт штаттық бірлікпен  ашылады. Кітапхананың алғашқы меңгерушісі қызметін Балерке Тайманова атқарады. Кейінгі жылдары кітапханада М.Тасмағанбетова, Р.Домбаева, С.Сейітқазиева, Н.Қойжасаровалар меңгеруші болып жұмыс жасайды. Сол кездегі кітапхананың оқырман саны – 504, кітап қоры – 9585 дана болған.

 

1968 жылы Гурьев қаласы бойынша 10 кітапхана жұмыс жасап, бір кітапханашыға 2254 тұрғыннан келген, кітапхана қоры «Облкнигторг» және оның дүкендері арқылы толықтырылған.

 

1970 жылы кітапхана меңгерушілігіне В.И.Жидкова тағайындалады.

Гурьев Атқару Комитетінің 25 наурыз 1975 жылғы №111 шешімімен қала кітапханалары «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» болып қайта құрылады.   

 

1980 жылы қалалық орталықтандырылаған кітапханалар жүйесінің құрамында 1 қалалық орталық кітапхана, 1 қалалық орталық балалар кітапханасы 9 қалалық кітапхана филиалы, 4 қалалық  балалар кітапханасы филиалдары  жұмыс істейді. Жүйенің алғашқы директорлығына Людмила Кушнарева тағайындалады.

 

1996 жылы жүйеде 15 кітапхана халыққа қызмет көрсетсе, 1997-1998 жылдары оңтайландыру кезінде 6 кітапхана қысқартылды.

 

2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылында» №1қалалық орталық кітапхананың жанынан №4 қалалық жылжымалы кітапхана, №3 қалалық балалар кітапханасы  ашылды.

Атырау қаласы әкімінің 02 сәуір 2008 жылғы №289 қаулысына орай, 30 қыркүйек 2008 жылғы №85-ші Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бұйрығына сәйкес «№1 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі  атауы  қазан  айында  берілді. 

 

 

№1 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әр жылдардағы директорлары:

 

Қабиева Қадиша Керейқызы – 1983-1992 жылдары  №1қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры. 

 

1992-2011 жж. №1 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры   Қалиева Гүлжанай Хайроллақызы болды.

 

Қадиша Керейқызы мен Гүлжанай Хайроллақызы кітапханамыздың құрметті зейнеткерлері.

 

Шайхашева Гулнар Сатуқызы - 2011 жылдың маусым айынан бастап №1 Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры қызметін атқарды. Қазіргі уақытта «Қазақстандық салалық Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрайымы.

 

№2 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі - 1958 жылы  бұрынғы Балықшы аудандық орталық кітапханасы  жаңа  құрылған Гурьев кейін Балықшы ауданы негізінде құрылды.

1975 жылы ақпан  айының 3-де СССР  мәдениет министрлігінің, СССР Қаржы министрлігінің келісімімен бекітілген Мемлекеттік көпшілік кітапханаларды орталықтандыру ережесіне сәйкес облыста бірінші болып, құрамында 25 кітапханасы бар ОКЖ-нің орталық  кітапханасы болып қайта құрылды.

1975 жылы Балықшы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде облыстық деңгейде «Мемлекеттік көпшілік  кітапханаларды орталықтандыру» деген тақырыпта семинар өткен. №2 қалалық орталық кітапхананың алғашқы  директоры Аманғалиева Күнайна Аманғалиқызы кітапханаларды орталықтандыру жүйесіне өз еңбегімен үлкен үлес қосқаны үшін «Қазақ СССР-на Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» атағы берілді.

1988 жылы Балықшы ауданы тарауына байланысты №2 Қалалық орталық кітапхана болып қалалық мәдениет бөліміне қарады.        

1990 жылы  Балықшы ауданы қайта құрылып, қайтадан Балықшы аудандық орталық кітапханасы  болып  Балықшы аудандық мәдениет бөліміне қарады.

1997 жылы  Балықшы ауданы тарауына байланысты №2 Қалалық орталық кітапханасы болып Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарайды

2008 жылы  Атырау қала әкімінің  02 сәуір 2008 жылғы №289 қаулысы негізінде «№2 Қалалық  орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды.    

 

Кітапхана құрылымы: «№2 Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесіне қарасты 1 қалалық орталық кітапхана, 1 орталық балалар және 13 селолық кітапханаларымен бірлесіп, халыққа кітапханалық қызметпен қатар  әдістемелік орталық болып есептеледі.

 

Аманғалиева Күнайна Аманғалиқызы -1955-1975 жылдары Новобогат, Балықшы аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі. 1975-1987 жылдары Балықшы аудандық орталық кітапхананың директоры.

 

Сейтқалиева Гүлбарша Мұхитқызы- 1989 жылдан Балықшы аудандық орталық кітапхананың директоры болып, кейін  1997  жылдан  аудан тарағаннан  кейін және 2008 жылдан  мемлекеттік мекеме болып қайта құрылған кездерден №2 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі   мемлекеттік мекеме басшысы қызметін атқарды. Қазіргі уақытта зейнет демалысында.

 

 Жайлауова Жаннат Елемесқызы - 2017-2019 жылдар аралығында кітапхана басшысы болды.

 

Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған кітапхана ардагерерінің де кітапхананың дамуына қосқан үлесі зор.   Көп жылдар кітапханада жұмыс жасап, кітапханаларының жұмысының өркендеуіне үлес қосқан, жас кітапханашыларға тәлімгер ұстаз болған Ардагерлердің есімдерін мақтанышпен айта аламыз.

 

2020 жылдан бастап екі қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесі оңтайландырылып «Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі болды. Қазіргі уақытта жүйе бойынша 27 кітапхана қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, 10 қалалық, 11 ауылдық, 6 балалар кітапханасы.

 

Кітапхана құрылымында кітапхана әкімшілігі, кітапхананы дамыту, әдістемелік жұмыс бөлімі, оқырмандарға қызмет көрсету, құжаттарды жинақтау және өңдеу, қорды ұйымдастыру және пайдалану, ақпараттық–библиографиялық қамтамасыз ету бөлімдері қызмет етеді.

 

Кітапхана – барлық ілім, білім бұлағы боп саналатын, кітап, газет-журнал, шоғырланатын рухани орда, талай ғұлама бас иген киелі орын. Бүгінгідей ғылым мен техника, технологияның қарыштап дамыған заманында да кітап, кітапхана өзінің құныдылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, жергілікті халықпен біте қайнасып, қызметін жаңа жүйемен жалғастырып келеді.